Ізденіс

Сауалнама

Ата-тегіңіз қандай Орта жүздің қай руына жатады?
 

Онлайн қонақтар

Сейчас 2 гостей онлайн
 

АЛҒЫ СӨЗ


Оқырман қауымның назарына, келесі шежіреміз, Мәмбет атасының таралымын ұсынып отырмыз. Автордың бұрын шыққан кітаптарындай, бұл шежіре де сол үлгімен – аталарды жылнама арқылы қуа тарату әдісімен жазылған.

Аты Қазаққа мәлім – Қаракерей Қабанбай атамыздың шарапатынан ба екен, Найман ішінде Қаракерей атасы өскен ата. Оның ішінде Қабанбай батыр шыққан Байжігіт атасы да кезінде тоғыз болыс ел болыпты. Ал, Қабанбай батырдың атасы, өз жұрты - Мәмбет атасы, Қытай мен Қазақстан жерін егіз еміп, еркін өскен құтты ұрпақ болып саналады. Міне осындай өсіп-өнген үлкен атаның шежіресі, сәті түсіп қолыңызға тиіп отыр.

АЛҒЫ СӨЗ
(жалғасы)

 

Шежіреде Мәмбет атасынан шыққан әйгілі адамдардың өмірі мен қоғамға, халқына сіңірген еңбегі жайлы көптеген деректер келтірілген. Әсіресе халық арасына кең тарамады-ау деп ойластырған адамдарға көбірек көңіл бөлінген. Қабанбай батыр, Басбай бай, Сиыршы, Мұстапа Өзтүрік т.т. өздеріне жеке кітап, роман арналған Мәмбеттің әйгілі ұрпақтары туралы тек үстірт жазып, жарық көрген көркем шығармаларға сілтеме жасап кеттік. Білгісі келген оқырман, кітаптарды іздеп тауып оқи жатар деген ойдамыз.

Автордың көп жыл еңбек етуінің нәтижесінде, Найман атасының бұдан басқа да бірнеше шежіресі шықты. Оны осы кітаптағы әдебиеттің тізімінен көресіз.

Өз қаражатымен Семей, Өскемен, Павлодар облыстарын аралап, Монголия, Қытай мемлекеттеріне барып, ол жақта тұратын қандастарымызбен әңгімелесу арқылы, көптеген аңыз-әңгіме, өлең-қиса жазылып, ата-тек шежіресіне қосымша дерек қосылды. Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы, Астана кітапханаларының қорын пайдаланып, Москва, Санкт-Петербордың кітапханаларына интернет арқылы кіріп, қолға түскен деректер шығып жатқан шежірелерге кіргізілді.

Мысалы: 1914 жылы Ресей мемлекетінің ғылыми жорналында шыққан [21, 90-93 беттер] мақаланы пайдаланып, Қаракерей Қабанбай батырдың жерленген жері Семей облысына қарасты Шыңғыстау екен деген тұжырымға келуге болатыны, осы кітаптың 564-566 беттерінде айтылып кеткен.

АЛҒЫ СӨЗ
(соңы)

 

Халық ауыз әдебиетінің қай саласын алсаңыз да, ата-тегі айтылмай қалған қазақ кейіпкері жоқ.

Жиделі – Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде.
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты,
Бір перзентке зар бопты-деп, Алпамыс жыры басталмай ма?!

Ал қазіргі түкпіш ұрпаққа «Алпамыс Қоңырат атасынан екен» деген жалаң мәлімет жеткіліксіз. Қазіргі ұрпақ шетінен сауатты, бес жасынан компьютердің құлағында ойнайтын, бірінші класстан бастап кез-келген сұрақтың жауабын интернеттен іздейтін білімпоз емес пе? Сондықтан да біздің ұрпаққа Алпамыс, т.б. атақтылардың әрі-бері жағы түгел керек. Бірақ, өкінішке орай, ондай мәліметтің бәрі бірдей интернеттен табыла бермейді. Одан табылу үшін, оны оған салу керек. Міне, қолыңыздағы «Мәмбет шежіресі» осындай, бүгінгі күнгі талапқа сай компьютерлік нұсқада жазылған. жас түлектің көптеген сұрақтарына жауап беретін шежіре.

Бұл кітаптан Қаракерей Қабанбай батырдың өзі мен төңірегіндегі батыр туыстарының толық шежіресін табасыз. Бұрын баспа бетінде жарық көрмеген, Мұстапа Өзтүріктің, оның Қытай мен Түркияда тұратын туыстарының шежірелері мен суреттері, автормен сұхбаттасқан Мұстапаның ағалары, түркиялық - қажы Мансұр тәйжі туралы, т.б. құнды мәліметтер осы кітаптан орын алған.

                                   
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Білім беруді ақпараттандыру орталығы, 2011 жыл