|
|
1700-жылдары Ертіс өзенінің сол жағында Қазақ ұлыстарының көштері, ал оң жағында Жоңғар қонтайшылары көшіп жүріп еді. Бұған дейін Сібірдің байлығына кенелген Ресей мемлекеті, Қазақтардың бұл көшін онша көзіне іле қоймапты. Төмендегі зерттеу Ертіс өзені бойындағы жер мәселесіне байланысты, жоңғар-қалмақ, орыс және қазақтардың қарым-қатынасы мен оның тарихы хақында.
«Қазақтар туралы Москва Ресейіне мәліметтің түсуі XVI ғасырға жатады. «Үлкен кітаптің чертежі» деген кітапта, қазақтар Сыр-Дарияның орта тұсында және одан 600 шақырым теріскей жерлерде көшіп жүреді делінген. Бұл кітапта қазақтар өз аттарымен аталған, қырғыз деген атау кейін Сібірде, Ресейдің оңтүстік Том және Енісей өлкесін көп уақыт бойы шабуылдап, мазалап отырған қырғыздармен шатыстырып берілген»-дейді Н.Коншин [ 69 бет].
«Орыстардың тұзға мұқтаждығы, ең алғаш жоғары Ертіске, Ямыш көліне келуіне себеп болды. Оған қалмақтар жиі бөгет бола бастаған соң, тұз алу үшін, 1613 жылдан бастап, казактардан құрылған біршама қарулы жауынгер ертіп жүруге тура келді» [бұл да сонда 70 бет].
Орыстардың Ертіс өзенімен жоғары қарай жіті жылжуы І Петрдің кезінде болды. Сауда-саттық жасап жүрген адамдар арқылы, Ресей мемлекетінің патшасы І Петр, Сібірдің оңтүстүгінде жатқан Азия мемлекеттері туралы әртүрлі мағлұмат және оған қоса Сібірдің генерал – губернаторы Н.Гагариннен: «Ертістің жоғарғы ағысындағы Яркент қаласынан көп алтын жуылатын көрінеді екен»-деген хабар алып, 1714 жылы 22 мамыр күні «подполковник Бухгольцтің басшылығымен, Яркент қаласын басып алу үшін экспедиция құру» туралы жарлық етеді. Міне Петрдің жарлықтағы өз сөзі: «..Бухгольц, сен Тобол барып, айтылған губернатордан (Гагариннен) 1500 жауынгер әскер аласың да Ямыш көліне барасың. Келе сала сол жерге қала салуыңды бұйырамын. Осы жаңа қамалда, әкелген кісілеріңмен қыстап қалып, жазғұтұрым мұз кете, тездетіп, сол адамдармен Яркентке жол тартасың. Ямыштан Яркентке жүрер жолдарыңда, адамдарға тиімді, ыңғайлы жерлерге, яғни өзен-сулы, орманды жерлерге азық-түлік қоймалары үшін бекініс (редут) салып отыру керек. Бір редуттан екінші редуттың арасы 6 күндік пароход жолынан аспау керек. Ол редуттарға бірнеше адам қалдырып кетіп отырасың. Ал құдай көмектесіп, Яркентке жеткен кезде, «ол қалаға жету керек, және одан соң құдайдың көмегімен қолға түсіріп, бекіну керек», сонан соң ол Дария өзеннен қалай алтын алып жатқандығын анықтау қажет. Одан әрі Дария өзенінің қайдан ағып шығып жатқанын білу де керек. Қолға түскен шведтердің ішінен қолынан инженерлік іс келетін, артилерия және минералды білетін бірнеше адам алу керек. Қалған кезде осы жарлықты орындау үшін, жылы шырай танытып, әділетті болып, жергілікті жағдайға байланысты шешім қабылдау қажет» , бұл да сонда [71-72 беттер].
Жоғарыда аты аталған князь Н.П.Гагарин І Петрге жазған хатында Яркент маңындағы өндірілетін алтын туралы аңызын айта кеткен едік. Яркентті Ертістің бойында деп Гагарин қате мәлімет берген еді. Ал шын мәнінде Яркент Батыс Жоңғарияда, қазіргі ҚХР-сы СУАР-ның оңтүстік шығысындағы Яркент қаласы, Яркент өзенінің жағасында. Ертіс бойына қамалдар мен редуттар салу да Гагариннің пікірі еді дейді, тарихшылар. Оның үстіне Бухгольцтің экспедициясы да сәтсіз аяқталып, оған кінәлілердің бірі Гагарин болып табылып, ақыры оны 1719 жылы қамауға алады.
І Петр бұл кезде батыстағы істерінен бас көтере алмай, Сібірдің мәселесін ұсақ-түйек деп санап, көп көңіл бөле қоймады. Осыны пайдаланған князь Гагарин жеке «патшалық» жүргізіп, Алтайдың етегіндегі Жоңғар қонтайшысына бағынған Сібір қазақтарын тықсырып шығарды. Жоңғарлармен достық қарым-қатынаста боламыз деп, елшілер алмастырып, Қытайға қарсы Ұлы Ақ Патшаның қамқорлығында боласыңдар деп сөз беріп, ал Қытай мемлекеті мен Қазақ хандарын керісінше Жоңғарларға айдап салып отырды. Осындай соғыс зардабы екі халықтың да әлсіреуіне әкеліп, Орыстардың Ертіспен жоғары өрлеуіне жетістік береді деп есептеді Гагарин.
Ол үшін тек сылтау ғана керек еді. Батыспен өте қымбатқа түсіп жатқан соғыс, І Петрді ақша мен алтынға мұқтаж етіп отырғанын, Гагарин қатты пайдаланды.
1714 жылы князь Гагарин І Петрге өзі келіп, Яркенттен шыққан деп, үлгі алтын әкеліп көрсетеді. Дәл осы кезде, Бұхардан шыққан Нефес те, Дарияның жағасындағы Яркенттен шыққан алтын деп, дәл сондай алтын үлгісімен І Петрге келген еді. І Петр көп ойланбастан, князь Бекович - Черкасскийдің бастауымен, Хива арқылы, Аму-Дарияға бір, подполковник Бухгольцтің бастауымен Тоболдан Ертістің жоғарғы ағысына екінші экспедиция аттандырады.
Александр Бекович - Черкасский орыс әскеріндегі Кабарданың князі. Оның экспедициясы 1714 жылы басталды. Оларға Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Краснодар шығанағын алып, сол жерге қамал салу тапсырылды. Сонан соң, князь Бекович – Черкасскийге, Хива ханын Ресей жағына бодан болуға үгіттеп, ал Бұхар хандығын достық қарым-қатынасқа шақыру міндеті жүктелді.
Каспий теңізінің жағасына екі қамал салған князь Бекович – Черкасский, 1717 жылы, Хива ханы Шерғазымен қақтығысып қалады. Шерғазы князьді алдап соғып, өзін тұтқынға алып, кейіннен өлім жазасына бұйырады.
Міне осы оқиғадан және кейінірек баяндалатын Бухгольц экспедициясының сәтсіздігінен кейін, Орыс патшасы, ұлан-ғайыр жерді иеленіп отырған Қазақ елімен әзірше достық саясатын жүргізбесе болмайтынына көзі жетеді Әрине, ыңғайын келтіріп бодан қылып алу оның ойының түбінде болған болар. Дәл осы кезде Қазақтармен соғысу, Швед соғысынан титықтап отырған Орыс патшасы І Петрдің жоспарында жоқ еді. Сондықтан да, Жоңғарлармен де Елші жіберісіп тығыз байланыста отырған Ресейдің, «Ақтабан шұбырындыға» қатынасы жоқ деп айта алмай отырмыз. Осы тұрғыдан Сібірдің билеушісі князь Гагарин ғана Қазақ, Қытай, Жоңғарларды бір-біріне айдап салып отырыпты деп, бар пәлені Гагаринге жаба салу саясат болар. Гагарин түбінде Ресей патшасының адамы, мұндай халықаралық істі өз атынан жүргізуі неғайбыл нәрсе болар.
-
Енді подполковник Бухгольцтің экспедициясына келейік. 1715 жылы шілде айында экспедиция 32 ағаш және 27 үлкен 12 ескектік қайық, ішінде тұтқын Шведтер де бар, 3000 адамдық қолмен Тобол қаласынан Ертістің ағысына қарсы шығады. Тара қаласына 24 шілде күні келіп, одан 1500 ат алады оған Драгун полкының әскерін мінгізеді. Олар да Ертісті бойлай өрлеп, Жоңғарлардың тұтқиылдан шабуылының алдын алу мақсатымен, қатарласа жүріп отырады. Тарада бұларға 12 ағаш қайыққа тиеген жүгі бар саудагерлер қосылады. Ағаш қайықтарға қала салуға керекті барлық үй-құрылыс ағаштары тиеліп, онымен қайықта адам өміріне керекті барлық жағдай жасалған. Қайықтың қимылы нашар, ағысқа қарсы арқанмен сүйретіліп, ат және адам күшімен әзер қозғалатын.
Ямыш көліне кешігіп, Ертіс өзені қата бастаған кезде, 1 қазанда әрең жетеді. Осы жерге бірінші қамал салынбақ еді, ол 13 күннің ішінде кішігірім қамал түрінде салынып бітеді.
Орыстардың Жоңғарияға қарай жасап жатқан бұл қимылы Ойрат тайжілерін елеңдетіп, сол кездегі Жоңғарияның басшысы Цеван Рабдан оларға қарсы, өзінің бауыры Цэрен Дондоба бастаған он мың қол аттандырады.
1716 жылы ақпанның 9-ы күні қатты аяз болып, жоңғарлар жайбарақат жатқан орыстардың қарауылдарын қағып тастап, аттарын айдап әкетіп, қамалға шабуыл жасайды. Орыстардың азық-түлік қоймасын қолға түсіріп, 12 сағат бойы соғысады. Ақыры орыстардың артиллериясының күшімен кейін шегінуге мәжбүр болады. Бірақ жоңғарлар Бухгольц әскерін қоршап алып, үш ай бойы азықсыз, дәрі-дәрмексіз қалдырады. Әскер ашығып, белгісіз ауруға ұшырап, 2000 адамы қырылады. Бухгольцтің ауыр халынан хабардар болған патша І Петр, губернатор Гагаринге «қатты көмектес» деп бұйрық берсе де, Гагариннің көмекке онша зауқы соқпағанға ұқсайды.
-
Жалғыз рет қана азық-түлігі бар, әскерлерге арналған 20 мың рубль ақшасы бар Тоболдан шыққан көлікті, Ямышқа 52 шақырым жетпей, Коряков жағасында жоңғарлар қолға түсіреді. Бұл көлікті қорғап шыққан әскердің түрі: бір капитан, бір поручик және бірнеше ғана жауынгерлер еді. Олардан басқа бұлардың құрамында, Бухгольцтің экспедициясына қатысамыз деген, Швед әскери-тұтқындары мен Тобол, Тара және Том қалаларынан шыққан саудагерлер де бар болатын.Коряков жарының қасында қоршауда қалған керуен, күні кешке дейін қарсылық білдіріп, ақыры 700 адамды жоңғарлар тұтқындайды. Осылардың ішінде Шведтің штык-юнкері Иоганн Густав Ренат та бар еді. Кейін Қазақ өміріне Ренаттың бұл тұтқындалуы өте-мөте кері әсерін тигізді деп есептеледі. Себебі, Ренат жоңғарларға зеңбірек пен мортир құюды үйретіп, содан артиллериямен қаруланған жоңғарлар, 1723 жылы қазақтарға шабуыл жасайды.Зеңбірекке садақ пен шиті мылтық төтеп бере алмай, оның ақыры «Ақтабан шұбырындыға» әкеліп соқты. Ал Шведтің штык-юнкері Ренат пен поручигі Дебеш екеуі Жоңғарларға шұға жасау кәсібін және европалық үлгімен кітап басу өнерін үйретіп, 1733 жылы Ренат еліне, Швецияға қайтарылады. Ол келген соң Жоңғарияның картасын жасап, бүкіл еліне атағы шығыпты.
-
1716 жыл 28 сәуір күні Ертіс өзені мұздан тазалана сала, Ямышев қорғанының қалған 700 адамы, жүктерін қайықтарына тиеп алып, Ертіске түсіп кетті. Жоңғарлар бұларға қарсылық білдірмеді, керісінше тұтқынға алынған священник пен тоналған керуеннің қазына қоймашысын қайтарып берді. Қайтар жолда, 1716 жылы 20 мамыр күні, Ертіске құятын Ом өзенінің оң жақ жағалауына Омбы қорғанының негізін қалады.
Бұл сапардан соң князь Гагаринмен Бухгольцтің арасында дау-дамай өрши түсіп, ақырында И.Д.Бухгольц 1719 жылы қаңтар айында, Сенат пен Патшаның алдында «Қалмақ жеріне жорығы» туралы жауап береді. Жағдайдың мән-жәйін түгелдей тексере келе, Бухгольц ақталып, полковник шеніне көтеріліп, Нарва қамалына комендант болып тағайындалады. Ал Гагаринге келетін болсақ, 1717 жылы губернатор Гагариннің жемқорлығын тексеру комиссиясы құрылып, оның қазынадан жеген көптеген жемқорлығы ашылып, ақыры сот алдында бәрін Гагарин өзі де мойындайды. Тексеріс барысында Гагариннен 3,5 миллион ақша, көптеген асыл зат-бұйымдар табылады. Соттың үкімімен 1721 жылы 16 наурыз күні, князь М.П.Гагарин Санкт-Петербордағы юстиц-коллегия ғимаратының алдында дарға асылады.
Ұзақ жылдарға созылған (Азов, Парсы, Орта Азия, Прут жорығы, 20 жылдық Швед соғысы) соғыстар, қыруар армия мен әскери флот, жаңа астаналары Санкт-Петербордың құрылысы, Ресей мемлекетінің қазынасының түбін көрсетіп тастаған еді. Сондықтан да Яркенд алтыны туралы хабар І Петрдің құлағына жағымды тиіп, алтын көзін тезірек қолға түсіруді ойлады. Патша Бухгольцтің нәтижесіз аяқталған экспедициясынан кейін де райынан қайта қоймады. Сәтсіз аяқталған Бухгольцтің сапарынан кейін, алтын іздеу мақсатымен, Жайсаң көліне тағы да бірнеше экспедиция аттанған көрінеді. Тобол қаласынан шыққан Иван Калмыков, зеңбірекпен қаруланған 100 адам ертіп, Ямыш қамалынан Жайсаңға дейін, құрғақ жолмен, 14 күнде жеткен көрінеді. Бұл Жайсаңға келген орыстардың алды еді. Қайтарында Күршім өзенінің құйылысына келіп, өздері бірнеше қайық жасап алып, 14 күнде, Ямыш қамалына қайтып келіпті.
-
1718 жылы подполковник Прокофий Ступин Ямыш қамалынан Жайсаңға «Ертістің жоғарғы ағысын зерттеп, жағалауынан қамал салуға қолайлы, құрылыс ағашы бар жер іздеп, барлау» үшін, 200 адаммен капитан Инейді жіберді. Бұл экспедиция Ямыштан қазіргі Өскемен тұрған жерге дейін, кіші қайықпен алты аптада, Өскеменнен арғы Тас қойнауды алты күнде өтіп, одан соң үш аптада Жайсаң көліне келіп жетті. Экспедиция Жайсаң көлінің жағалауын зерттеп, қала салатындай оңтайлы жер таба алмайды, себебі «тас пен құм, ал орман жоқ» болып шықты.
Бұл экспедиция Ертіс өзені мен Жайсаң көлі туралы, қала саларлық ыңғайлы жер жөнінде, құрылысқа тұрарлық орман ағашы туралы біршама нақты мәлімет әкелген еді. Осы мәліметтің негізінде 1718 жылы Семипалат қамалы, 1719 жылы Уба қамалы салынған көрінеді.
Ескерту: Кейінгі кезде Е.Княжецкая басқарған топ, осы Уба қамалын Өскемен қамалы деп шатыстырып жүргенге ұқсайды. Соған байланысыты Өскемен қаласының ірге тасы қаланған уақыт-1719 жыл деп санап жүр. Оған дәлел ретінде кейінгі кезде, 1960 жылдары табылған, Ертістің жоғарғы ағысын зерттеген, 1719 жылғы Лихарев жіберген экспедицияның картасы мен жол журналын көлденең тартады. Төменде бұл туралы толығырақ тоқталамыз.
Оның алдында, Жоңғарлардың ешбір қарсылығынсыз, Ямыш қамалы қайта салынды, 1718 жылы полковник Ступин Семипалат (Семей) қамалының ірге тасын қалады. Ол қазіргі Ескі Қамал аталатын, Семейден 20 шақырымдай төмен орналасқан ауылдың тұрған жеріне салынған қамал еді.
-
Бұл жерде 1719-1720 жылдары Жайсаң көліне алтын іздеу мақсатымен жіберілген Н.М.Лихаревтің экспедициялары туралы ерекше айтпаса болмайды. Бұл туралы XVIII ғасырдың тарихшысы Г.Ф.Миллердің жұмыстарынан белгілі болған. 1730 жылдары Сібірге сапарында, Миллер Тобол кеңсесінде қалған құжаттар мен сол экспедиция туралы елдің есте қалған әңгімелеріне сүйеніп, Лихаревтің 1719-1720 жылдары болған экспедицияларын қысқаша ғана жазып кетеді. Сол жазбаларда: «1720 жылы Лихарев Жайсаң көлінен қайтар жолда Усть-Каменогорск қамалын салды» - делінген. Басқа ештеңе жазылмаған. Миллердің қолына архив құжаттары ілінбеген екен, ол туралы өзі де ашып жазыпты.
Лихарев экспедициясының тарихы былай еді: 1719 жылы 18 қаңтар күні І Петр, Нор-Зайсанның жағасына қамал салу мақсатын көздеп, майор И.М.Лихаревтің басқаруымен, жаңадан әскери-барлау экспедициясын Сібірге аттандыру туралы жарлық шығарады. 1719 жылы ақпан айында И.М.Лихарев 109 көлікке тиеліп, Петербордан Сібірдің астанасы Тобол қаласына жол тартады. Оның қорғаушы-жолсеріктері: 10 офицер, үш дәрігер, бірнеше артиллерия маманы, 9 адъютант, 12 жауынгер, 3 шіркеу қызыметкерлері еді. Тобол қаласына келгенде Лихаревке жүктелген жұмыс көп: бұрынғы губернатор Гагариннің істеген қылмыстарын тексеріп, оған алтын түйіршіктерін көрсеткен адамдармен кездесіп, Гагаринге айтқан сөздерін анықтап, солармен бірге Ертіс өзенімен жоғары көтеріліп, Жайсаң көліне дейін барып, сол жерге қамал салу керек. Одан соң Яркенттің жолын барлап, алтын туралы білу керек болатын.
Осыған сәйкес, Лихарев алтын туралы сыбыс естіген жергілікті адамдар мен саудагерлерге кездесіп, алтынның қай жерде шығатынын, оған қалай баратыны туралы сұрау салды. Көптеген адамдарды сұрай келе, құлақ асарға тұрарлық деген 85 адамның жауабын жазып алып, алтынға барар жолдың картасын сызып, 1719 жылы қыркүйек айында сенатқа жіберді.
-
Алтынға жеке адамдардың да көздері қызарып, Тюменнің тұрғындары Иван Уваров пен Григорий Трунов дегендер Ертіс өзенімен жоғары көтеріліп, Жайсаң көліне жете алмай, «бірер апта қалғанда» қайтып келіп жатты. 1719 жылы 9 мамыр күні Тобол қаласынан Семей қамалына поручик Сомов, геодезист Петр Чичагов, бір сержант, екі солдат, навигатор, бояр Афанасий Скибин, қызметші Федор Корнилов және мырыш құю маманы Фирс Запутраевті жіберді. Семей қамалының коменданты подполковник Прокофий Ступинге, «осы адамдарға капитанмен жеңіл кеме беріп, бірнеше солдат қосып, сумен, көлге (Жайсаңға) жібер»-деген бұйрықты Лихарев хатқа жазып, солармен беріп жіберді. Бұл экспедицияның командирі болып капитан Урезов тағайындалды. Бұлар 24 шілде 1719 жылы жолға шықты.
1719 жылы жаз бойы Лихарев Ертіс бойындағы қамалдарды нығайтып, күшейту ісімен қатар, оларға азық-түлік, жем-шөппен қамтамасыз етуге ат салды. Оның ішінде Семей қамалына өте-мөте көп көңіл бөлінді. Оған Ямыш қамалынан астық, тұз, жарма және басқа да азық-түлік, оған қоса кеме саймандары, оқ дәрі, жауынгерлер киім-кешегі, түрлі-түсті тұрмыс заттары жіберілді. Бұл ісінің себебін Лихарев сенат пен І Петрге хабарлап отырды. «Жайсаң көліне баруға дайындалып жатқан жорық үшін, мұндай қыруар жүкті, жолдың ұзақтығынан, Жайсаңға Тоболдан бір жазда жеткізу мүмкін емес, сондықтан Семей қамалында екі жылға жететін азық-түлік қоры болуы керек»-деп жазды Лихарев.
Жоғарыдағы Миллердің жазбалары ғалымдарды қанағаттандырмайды, себебі Миллердің сөзін ешкім қайта тексеріп көрмеген екен. Сондықтан да, тарихшы Е.А.Княжецкая осы мәселе төңірегінде зерттеу жүргізіп, 1964 жылы «Бір картаның тағдыры», 1969 жылы «Өскемен қаласы қашан салынған» деген ғылыми мақалалар жазыпты [76 бет].
-
Княжецкаяның еңбегінің арқасында табылған құжаттардың негізінде1719 жылы жіберген Лихаревтің І экспедициясының «Жол жорналы» табылды. Онда:
«Семей қамалынан 1719 жылы 24 шілде күні шықтық. Жол бойы ескекпен, желкенмен және арқан тастап жүріп отырдық. Үнемі Ертіс өзенінің сағаларының тереңдігі мен енін, олар құятын жерлерде Ертістің өзенінің де тереңдігі мен енін өлшеп отырдық. Бұқтырмадан Убаға дейін, 90 шақырым бойы, Ертіс Алтай тауын тіліп өтеді. Осы жерде ағысқа қарсы жүзу өте қиынға соқты. Су астында қаптаған кесек тастар мен ағыстың қаттылығынан, ескекпен жүру мүмкін болмады. Жағаға жабысып, ілгешек тастап, сүйрете-мүйрете әзер дегенде жылжып отырдық. Осы екі ортада, ағаш өскен 36 арал кездесті. Тас шатқалдан 9 тамыз күні шықтық. Бұқтырма өзеніне жетіп, нан пісіріп алу үшін аял болдық. 19 тамыз күні Жайсаңға келдік. Желкен көтеріп, ескек пайдаланып, Жайсаң көлін айналып шықтық. Тереңдігін өлшедік, көлдің жағасын қамыс басып кетіпті. 24 тамызда Қара Ертістің сағасына жеттік те, жоғары көтерілдік. Жоңғар қалмақтарының көштеріне кезіктік, аудармашылар арқылы бейбіт келіссөз жүргіздік. 5 қыркүйек күні кері бұрылып, Жайсаң арқылы Ертіске келіп түстік. Қайтар жолда өлшемдер жүргізген жоқпыз. Қыркүйектің 12-сі күні, Бұқтырмадан түске таман шығып, Тас қойнауды құлдай отырып, кешкі сағат 9-дан ауа Тас шаттан шықтық та, аралға келіп қондық. 13 қыркүйек күні кішірек өзенге келіп, сол күні одан шығып, 15 қыркүйек күні түнгі 10-нан аса Уба өзеніне келіп жеттік. 26 қыркүйек күні Уба қамалына келіп, онда 3,5 сөтке тұрдық. Уба, Семей, Долон-Қарағай, Ямыш, Железинка және Омбы қамалдарынан өттік. 10 қазанда Ишим острогіне келдік те, көлікке отырып, 1719 жыл 15 қазан күні Тобол қаласына келіп жеттік. Саяхат үш ай мөлшеріне созылды. Ертіс пен Жайсаңды зертте деген Лихаревтің тапсырмасы түгелдей дерлік орындалды»-деп жазылған, бұл да сонда.Бұл экспедицияның тек тәжірибелік қана мәні емес, сонымен қатар ғылыми маңызы зор болды. Бұлар Жайсаң көлін, Ертіс пен Қара Ертіс өзендерімен оның сағалары, жағаларын зерттеп, өзендердің аттарын анықтай түсіп, тереңдіктерін өлшеп
-
шықты.Экспедиция құрамындағы геодезист Петр Чичагов, геологиялық өлшеулер жүргізіп, Ертіс пен оның салалары көрсетілген ең тұңғыш, нақты мәлімет беретін географиялық карта жасап шықты. Бұл карта да Княжецкаяның күшімен кейіннен табылып, оның І Петр кезеңіндегі география мен картографияның үлкен жетістігі екені анықталды. Бірақ біз бұл картаға одан әрі тоқталмай, Княжецкаяның арқа тіреген жерін ғана айта кетеміз. Картаның көлемі 52х64 см, бояу және тушьпен салынған екен. Бұл карта 1719 жылы жасалып, кейін 1731 жылы Жоңғар қоңтайшысына елшілік мақсатпен барған майор Угримовке көшірмесі істеліпті. Алдымен сол картаның көшірмесі, кейін оның түпнұсқасы да табылыпты. Бұл екі картаның екеуін де Чичагов жасапты, ол туралы төменгі жағында - «Бұл картаны геодезист Петр Чичагов жасап, қолын қойды»-деген жазу бар көрінеді .Сонымен поручик Сомов басқарған экспедицияның мақсаты барлау, Ертіс өзенінің картасын жасап, қаншалықты қайық пен кеме жүруге жарамды екенін анықтау ғана еді. Алтын іздеу мен қамал салу бұлардың мойнына жүктелмегенін көреміз. Сүйтіп, Сомов экспедициясы жеңіл-желпі ғана шыққан десе де болады. Қамал салу секілді үлкен жұмыс, келесі – Лихаревтің өз экспедициясының мақсаты еді. Ол үшін Лихарев 1719-1720 жылдары қыруар дайындық жұмысын жүргізгенін жоғарыда жазып кеттік. Сондықтан да Сомов экспедициясының қайтар жолда Өскемен қамалын сала алмағанын, жол жорналынан да көріп отырмыз. Жол жорналында Өскемен қамалының аты аталмайды да, Тас қойнаудан шығып, аралға келіп қондық дейді Сомов. Егер қастарында өз қамалдары тұрса, онда сонда келіп аялдамай ма?! Осы арада тағы бір кеткен қате, Уба өзенін Тас қойнаудың аузында деуі. Асылы Ульба өзенін Убамен шатыстырған секілді. Бұқтырмадан 90 шақырым Ульба өзені екені белгілі. Жорналда Ульба өзенінің аты мүлде жоқ. Барар жолда Уба мен Бұқтырманың арасын 90 шақырым десе де, қайтар жолда, Тас қойнаудан шығып Убаға дейін үш күн жүріп келгенін жазыпты. Осы жерде аздап бөгелгенге ұқсайды, 26 қыркүйек күні ғана Уба қамалына келдік деген жазу бар. Өздері өткен қамалдардың тізімінде Өскемен қамалы жоқ.
-
Княжецкаяның жазуы бойынша, Чичаговтің картасында Өскемен қамалы бар дейді. Картаның түп нұсқасы 1719 жылы жасалды дегені болмаса, архив құжаты бойынша Лихарев ол картаны 1720 жылы желтоқсан айында, өзінің екінші экспедициясынан кейін, Санкт-Петерборға апарып, сенатқа өзі тапсырған. Ал ол кезде Өскемен қамалының ірге тасы қаланып қойылғандықтан, Чичагов картасының соңғы нұсқасына Өскемен қамалын енгізуі мүмкін деген тұжырымға келеміз. Оған қоса, бұл картадан 1731 жылы Чичагов өзі көшірме жасапты дедік. 1719 жылғы өз жұмысына, Чичагов кейін, аздаған толықтыру кіргізуі мүмкін бе? Меніңше, әбден мүмкін. Ал картаның негізгі мақсатының бірі Ертіс өзені бойындағы қамалдарды көрсету болғандықтан, Өскемен қамалын кейін де кіргізіп қойуына Чичаговтің әбден мүмкіндігі бар еді.
Өзінің ІІ-ші экспедициясына Лихарев Тобол қаласынан 8 мамыр 1720 жылы, үш жеңіл кемемен, 189 әскер алып шықты. Маусым айының аяғында Семей қамалына келіп, сол жылғы құрғақшылық салдарынан, Ертістің суы саяздап кетуіне байланысты, бұдан әрі Жайсаң көліне кемені қойып, түбі жайдақ қайықтармен баруды жөн көрді.
440 адамы бар, 13 зеңбірек және 6 мортирмен қаруланған экспедиция, Семей қамалынан 34 қайықпен шықты. Бұлардың алты айға жетерлік азық-түлігі бар еді. Жайсаң көліне келген Лихарев, қамал салатындай жер іздеп, көлді айналып шығады. Бірақ көл жағасы төмен болғандықтан, қалың қамыс өсіп кеткен екен, сондықтан Ертістің жағасын түгел қарап шығу мақсатымен, Қара Ертіспен 12 күн бойы жоғары көтеріліп жүреді. 1 тамыз күні, Жоңғар ханы Цэван-Раптанның үлкен ұлы Галдан Церен басқарған қалмақтар шабуыл жасайды. Солдаттар зеңбірекпен жауап береді. Қақтығыстың үшінші күні қалмақтармен келіссөз басталады. «Біз тек Ертіс өзенінің қайдан басталатынын ғана көріп, ол жақтағы кен көзін ғана зерттейік деген ойымыз бар еді. Әйтпесе қалмақтармен соғысу біздің ойымызда да жоқ, ал өздерің тиіспесеңдер біз оқ атпайтын едік»-деп, қалмақтармен бітісіп, әрі күз уақыты да келіп қалған соң, экспедиция қайта қайтуға мәжбүр болады.
-
Ульба өзенінің құйылысына келіп, Ертістің Алтай тауынан шығар жеріне қамал салсақ, мемлекетке де пайдасыз болмас деп, Лихарев 1720 жылы 12-17 тамыз күндері Өскемен қамалының ірге тасын қалайды. Жаңа қамалдың комендантығына полковник Ступинді сайлап, осы жерге 363 адамдық гарнизон қалдырды. Қамалдың әрмен қарайғы құрылысын басқару да соған жүктеліп, өнер жағының жұмысы инженер-капитан Летранжға тапсырылды. Бұлардан басқа да қолөнер шеберлері, ұсталар қамал салу ісіне жұмыла кірісіп кетті дейді құжат деректері. Семей қамалының коменданты болып, Ступиннің орнына майор И. Вельяминов-Зерновты тағайындады. Семей және Уба қамалдары экспедиция мүшелерімен күшейтілді.
12 қазан күні И. М. Лихарев Тобол қаласына келіп, оның ертеңінде, 25 көлікпен Петерборга жол тартты. Оған 1720 жылы желтоқсан айында келіп жетті. Келген беттен сенаттың атына, Батыс Сібірдің тұңғыш картографтары геодезистер Иван Захаров пен Петр Чичагов жасаған «Ертіс өзені және оның жағасына салынған қамалдар» деп аталатын карта тапсырылды.
3 қаңтар 1721 жылы Иван Михайлович Лихарев сенатқа қосымша мәлімет пен «репорт» тапсырып, жаңадан салынған Семей, Уба, Өскемен және Тобол, Долонь, Ямыш, Железинска мен Омбы қамалдарында қанша офицерлер, солдат және басқа да қызметкерлер қалдырғанын жазыпты.
1721 жылы, І Петрдің өз бұйрығымен И.М.Лихаревке бригадир шені беріліп, соғыс коллегиясының мүшелігіне сайланады. Лихарев бастаған экспедиция осылай аяқталған еді. Кейін, І Петр қайтыс болғаннан кейін, 1725 жылы Ресей патшасы І Екатерина И.М. Лихаревке генарал-майор шенін беріп, ол Се¬менов полкінің лейб-гвардиясында қызмет атқарды.
-
1730 жылдардан бастап қазақтар Ресей мемлекетінің боданы (подданы) болуға ант етіп, Ресейдің қоластына кіре бастады. 1730 жылы Кіші жүздің және Орта жүздің кейбір ордаларының ханы саналатын Әбілхайыр хан, қол астындағы қазақтардың игі жақсыларын жинап алып, Ресей патшасы Аннаға бодан болуға өтініш білдірейік деп үгіттейді. Бірақ оған халықтың көпшілігі қарсы болып, тек Әбілхайыр ханның маңындағы біраз ғана адам қолдау көрсетеді. Ол туралы Ресей патшасының өкілі, әңгіменің басы-қасында болған, Мырза Тевкелев патшасына: «Әбілхайыр бодан болуды халқының келісімінсіз шешіп отыр»-деп, 1742 жылы Петерборға келген беттен жазбаша хабарлайды [129 бет]. Алексей Иванович Тевкелев (татарша аты Мәмет мырза, Құттымұхамет) Ресей императорының шығыс тілдерінен аудармашысы. І Петрмен бірге Парсы жорығына қатынасқан (1722 жылы). 1731 жылы Кіші жүзге Әбілхайыр ханмен оның халқын бодандыққа қабылдау үшін Орынборға жіберілген.
1739 жылы Орта жүздің ханы - Сәмеке хан өлгеннен кейін, халықтың қалауы бойынша Орта жүзге Әбілмәмбет хан болып сайланады. 1739 жылы Ресей мемлекеті Орынбор қаласына, Әбілмәмбет ханмен оның аталас інісі, Орта жүздің басқарушысы, Абылай сұлтанды, және Кіші жүздің ханы Әбілқайыр хандығы Ақ Патшаға ант ету рәсіміне шақыртады. Бірақ оған тек Әбілқайыр хан ғана келіп ант береді де, Орта жүздің басқарушылары тек Патшаға жазбаша түрде ғана өтініш білдіріп, мөрлерін басып жібереді. Бұқтырма қамалы 1764 жылы салынып, шығыс халықтарымен Ресей саудасының Сібір шебіндегі ең шеткісі еді [бұл да сонда 530 бет].
Сонымен, 1 Петрдің алтын іздеу мақсаты Ертіс бойын Ресей өкіметінің меншіктеуімен басталып, ақыры «Ақтабан шұбырындыға» соғып, Қазақ хандығының «өз еркімен» Ресейге бодан болуымен аяқталды. Онымен қоса талайлардың «бас ауыруы» болып отырған Жоңғар мемлекетінің құрып кетуіне әкеліп соқты. Осының бәрі кімнің ойластыруымен, қай мемлекеттің құпия саясаты екені, жоғарыдағы деректерден көрініп тұрған жоқ па?
|
|
|