Ізденіс

Автор туралы

Сыдықов Мүсәйіп Қыдырқанұлы 1944 жылы, Семей облысы Көкпекті ауданында туған. 1967 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Механико-математика факультетін бітірген. Сол жылы Павлодар Индустриалды институтының жоғары математика кафедрасының мұғалімі болып қызыметін бастайды. 1974-жылдан программист мамандығына ауысып, 2007-жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Павлодар қаласында жұмыс істеген.

2004-жылдан бастап ел-тарихы, шежіре туралы кітаптар шығара бастады. Мүсәйіптің қолынан Тоғыз таңбалы Найманның аталарына арналған «Көнші шежіресі» 4-рет басылған, 2-томдық «Бура шежіресі» 4-рет басылған, «Қарауыл-Жасық шежіресі», «Терістаңбалы шежіресі» және «Қаракерей шежіресінің» әзірге 3-томы жарық көрді. Соңғы кітаптің 1-томы Қазақ батыры Қаракерей Қабанбайдың өз атасы Байжігіттің Мәмбетіне арналса, 2-3 томы Қаракерей-Қожамбет атасының шежіресі екен.

Мүсәйіп Қаракерей тарихын одан әрі зерттеп, баспаға Байжігіттің – Жұмық шежіресін дайындап жатыр.

Мүсәйіптің шежірелері шығып жүрген шежірелерден айрықша, математикке тән дәлдікпен, әр атаның туған жылын, өмірі туралы дәйекті дерек берумен қатар, көптеген кітаптарды пайдаланып, қазақ өмірінінің, тарихи тұлғалардың  бұрын беймәлім болып келген көптеген соны әңгімелерін айта отырады. Мысалы Жайсаң өлкесіне танымал Тана мырза туралы саяхатшылар Потанин, Влангали күнделіктерін пайдалана отырып, бұрын ел-арасында таралған ағат аңыздарды жоққа шығаратын деректі тарихи әңгімесі, «Қарауыл-Жасық шежіресіне» кіріп, «Ертіс өңірі» газетіне, «Қазақ тарихы» жорналына қайта басылып шықты.

Кейінгі шыққан «Қожамбет шежіресіне» кірген автордың «Ақтабан шұбырындының» алдындағы Орыс мемлекетінің Ертіс бойына қамал салу саясатының тарихы баяндалып, сол сұрапыл соғыстың түбі кімге пайдалы болды, деген сұраққа, тарихи деректер арқылы жауап іздейді. Осы кітапқа кірген неміс саяхатшысы И.Сиверстің күнделіктерінің беттерінен қазақ данасы, Қожамбеттің Сырымбет биі туралы жаңа дерекпен қоса бұрыннан белгісіз Найман елінің көші-қондарының ізі шығып жатыр.

 

Нұрбекова Жанат Құнапиақызы - С.Торайғыров атындағы ПМУ-ң Білім беруді ақпараттандыру орталығының директоры

 

Айтбаева Қайныш Жұмабекқызы - С.Торайғыров атындағы ПМУ-ң Білім беруді ақпараттандыру орталығының инженер-бағдарламашысы

 

Абишева Айнұр Серікқызы - С.Торайғыров атындағы ПМУ-ң Білім беруді ақпараттандыру орталығының инженер-бағдарламашысы

 

 
                                   
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Білім беруді ақпараттандыру орталығы, 2011 жыл